Жоғары аудиторлық палатасының отырысында Жамбыл облысында мемлекет қаражаты мен активтерін пайдалану тиімділігіне жүргізілген аудиттің қорытындылары қаралды, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР ЖАП баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2020-2024 жылдар аралығында өңірдің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері өскен. Алайда Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің жалпы құрылымында облыстың үлес салмағы 2,7 пайыздан 2,3 пайызға дейін төмендеген.
Биыл 10 айдың қорытындысы бойынша өңірге тартылған инвестициялар көлемі 553 млрд теңгеден асты, бұл 2024 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштерден 1,4 есе жоғары. Алайда 2020-2024 жылдар кезеңінде негізгі капиталға салынған инвестициялар деңгейі бойынша облыс республикалық рейтинг көшбасшыларынан 3,5 есе артта қалып отыр.
Жалпы Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудит барысында бюджеттік жоспарлау, мемлекеттік сатып алу, инвестициялық жобаларды басқару бөлігінде, сондай-ақ «Тараз» ӘКК» АҚ қызметінде бірқатар бұзушылық пен кемшілік анықталған.
Мәселен, Жамбыл облысы республикалық бюджеттен түсетін түсімдерге тәуелді. 2020-2024 жылдары бюджеттен түсімдер орта есеппен 80 пайызды құрады. Осы кезеңде трансферттер 344 млрд теңгеден 521 млрд теңгеге дейін 51% өскен. Ал 38 млрд теңгеден астам сомаға бюджет қаражатын игермеу фактілеріне жол берілген.
Өңірді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасында Тараз қаласында тазарту құрылыстарының болмауы, тұрғын үй алуға кезекте тұрғандар санының өсуі және суармалы жерлерде су үнемдеу технологияларын енгізу деңгейінің төмендігі сияқты бірқатар маңызды және өзекті проблеманы шешу жөніндегі көрсеткіштер мен іс-шаралар қамтылмаған.
«Мемлекеттік сатып алу саласында Тараз қаласының құрылыс және тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің «қызмет бабында пайдалану үшін» деген грифі бар шарт жасасудың ерекше тәртібін негізсіз қолдану фактілері анықталды. Бұл адал бәсекелестікті шектеуге алып келеді. Сонымен қатар үлестес компаниялармен шарттар жасасу жағдайлары бар», - делінген хабарламада.
Аудиторлар Тараз қаласында және облыста инвестициялық жобалардың іске асырылуы нашар бақыланатынын атап өтеді. Мердігерлерге орындалмаған жұмыс үшін ақы төлеу және әлі өтелмеген берешектері бола тұра аванс беру фактілері орын алған.
Мысалы, Тараз қаласының ТКШ бөлімі биыл маусым айында қалалық автожолдарды орташа жөндеу бойынша екі жобаға 537 млн теңгеден аса төлем жасаған, бірақ 70 күн өтсе де, жұмыс басталмаған. Аталған жұмыс тамыз айында аудит жүргізу нәтижесінде ғана басталған.
«Жамбыл облысы Шу ауданының 18 елдімекеніне жеткізілетін газ құбырын салудың нормативтік мерзімі екі жыл болса да, алты жылдан аса уақыт бойы аяқталмай келеді. Нәтижесінде 8,2 млрд теңге игерілмей, жоғары тұрған бюджетке қайтарылған, яғни қаражат тиімсіз пайдаланылған», - деді ведомстводан.
«Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының даму жоспарында Қоғам қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған көрсеткіштер жоқ. Сондай-ақ 2024 жылғы желтоқсанда бекітілген көрсеткіштер саны 18-ден 5 бірлікке дейін қысқартылып, ал қалғандары бойынша индикаторлар нақты қол жеткізілген нәтижелерге дейін түзетілген.
Жалпы аудит қорытындысы бойынша 58,5 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталған. Оның 47,1 млрд теңгесі бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік саласындағы бұзушылықтар болса, 75,6 млрд теңге тиімсіз жоспармен пайдаланылған.
Анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою, лауазымды адамдарды жауапкершілікке тарту, сондай-ақ заңнамаға қажетті өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыс Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында болмақ.
Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының, сондай-ақ жекелеген қалалар мен аудандар әкімдері аппараттарының лауазымды тұлғалары мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын жазған болатынбыз.