Астана әуежайында шекарадан өтуді жылдамырақ әрі ыңғайлы ететін жаңа автоматтандырылған жүйе іске қосылды, деп хабарлады Elordainfo.kz әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жүйе төлқұжат пен жолаушының суретін өзі сканерлейді, кейін деректерді «Беркут» бірегей ақпараттық жүйе базаларымен тексеріп, елге кіруге немесе шығуға рұқсаттың бар-жоғы бірнеше секунд ішінде расталады. Барлық процесс бар болғаны 15–20 секундқа созылады.
Бұл гейттерді 14 жасқа толған Қазақстан азаматтары пайдалана алады. Жаңа технологиялар кезектерді қысқартып, өткізу жылдамдығын арттырады және әуежайдағы жолаушылар қозғалысын жеңілдетеді.
Әуежайда қазір сегіз гейт жұмыс істеп тұр: үшеуі – ұшу, бесеуі – ұшып келу аймағында орналасқан. Бұл жүйе шекаралық бақылаудың тиімділігі мен жеделдігін арттыруға бағытталған.
Еске салайық, бұдан бұрын Астана әуежайы 12 млн жолаушыға қызмет көрсететіні туралы жаздық.