Шахматшы Меруерт Камалиденова Испаниядағы ірі турнирдің күміс жүлдегері атанды

|
Шахматшы Меруерт Камалиденова  Испаниядағы ірі турнирдің күміс жүлдегері атанды
Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

Сан-Бой-де-Льобрегатта (Испания) өткен VI Elllobregat Open Chess Tournament жарысында қазақстандық шахматшылар сәтті өнер көрсетті, деп хабарлады Elordainfo.kz Қазақстан шахмат федерациясына сілтеме жасап.

20 жастағы Меруерт Камалиденова әйелдер арасында 2-ші жүлдені жеңіп алды. 29 қарашадан 8 желтоқсанына дейін Барселонаға жақын орналасқан Испанияның Сан-Бой-де-Льобрегат қаласында дәстүрге айналған VI Elllobregat Open Chess Tournament шахмат турнирі өтті, жүлде қоры – 35 050 еуро.

«Негізгі турнирде (A тобы) 33 елден 132 шахматшы қатысты, оның ішінде Қазақстаннан 12 спортшы болды. Классикалық уақыт бақылауымен (алғашқы 40 жүріске 90 минут + 15 минут партия соңына дейін + әр жүріске 30 секунд қосылып отырады) өткен 10 турлық «швейцар» жүйесінде жеңіс 8 ұпай жинаған 18 жастағы үндістандық гроссмейстер Бхарат Субраманиям Харишанккарға (2573) бұйырды. Оның жүлдесі – 5 000 еуро», - деп жазылған хабарламада.

Жарты ұпайға қалып қойған чилилік гроссмейстер Кристобаль Энрикес Вильягра (2605) және америкалық Брюингтон Хардауэй (2522) тиісінше 2-ші және 3-ші орын алды.

Қазақстандықтардың ішіндегі ең үздік нәтиже – 23 жастағы алматылық GM Рамазан Жалмаханов (2454) көрсетті, ол 6½ ұпай жинап, жалпы есепте 16-шы орынға тұрақтады.

Халықаралық шебер Меруерт Камалиденова (2343) тамаша ойнады. Астана өкілі, 20 жастағы спортшы бастапқы тізімде 63-ші болған, алайда 6 ұпай жинап, жалпы есепте 24-ші орын алды және 23 әйелдің арасында 2-ші жүлде (€300) жеңіп алды, тек үндістандық IM Вантика Агравалға (2369) ғана жол берді.

Бұл жыл Меруерт үшін өте табысы мол болып өтуде. Сәуірде Азияның 3.4 аймақтық чемпионатында (Әлем кубогына іріктеу) 3-ші орын алды. Бір жарым айдан кейін Қазақстан чемпионаты-2025 жүлдегері, қола медаль иегері атанды.

Маусымда KazChess құрамасы сапында ФИДЕ-нің блицтен командалық әлем чемпионатында күміс жүлде алды, сол жарыста 7-ші тақтада рапидтен де жеке күміс медаль жеңіп алды. Шілдеде әйелдер арасындағы Әлем кубогында 4-ші айналымға (1/8 финал) дейін жетті, жолда 2023 жылғы Әлем кубогының жеңімпазы Александра Горячкинаны жеңді. Қыркүйекте ФИДЕ-нің «Үлкен швейцаркасында» жоғары – 19-шы орын алды.

Сонымен қатар, қарашада Қазақстан құрамасы сапында әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионатында 4-ші орын иеленді және 2-ші тақтадағы ең үздік нәтиже үшін алтын медаль алды.

Бұған дейін Мемлекет басшысы әлем біріншіліктерінде топ жарған жас шахматшылармен кездескенін жаздық.

Ұқсас жаңалықтар

Барлығы ↗