Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген басым бағыттардың бірі. Ашықтықты күшейту, қоғаммен тұрақты диалог орнату және алдын алу тетіктерін жетілдіру – елімізде жүргізіліп келе жатқан жүйелі жұмыстың негізгі бөлігі. Бұл ұстанымдар барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың қызметінде нақты іске асырылуы тиіс.
Осы орайда Астана қаласының «Нұра» ауданы да тұрғындардың сенімін арттыруға, көтерілген мәселелерді дер кезінде шешуге және қоғамды шешім қабылдау процесіне тартуға басымдық беріп отыр. Ашық басқару мәдениетін қалыптастыру – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтудың маңызды алғышарты.
Тұрғындармен ашық жұмыстың маңызды тетіктерінің бірі – «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы. Бұл бастама аулаларды абаттандыру бойынша жобаларды тұрғындардың өздері ұсынуына және таңдауға мүмкіндік береді. Яғни, қандай аулаға жөндеу қажет, қандай ойын немесе спорт алаңы орнатылуы тиіс – мұның бәрі жергілікті тұрғындардың онлайн дауыс беруі арқылы анықталады.
Биыл «Нұра» ауданында абаттандырылған 19 ауланың 10-ы дәл осы бағдарлама шеңберінде жүзеге асырылды. Тұрғындардың бастамасы мен дауыс беру нәтижесіне сүйене отырып орындалған жұмыстары қоғамның белсенділігін күшейтіп қана қоймай, шешім қабылдау процесінің ашықтығын да арттырып отыр.
Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында аудан әкімдігі қоғамдық ұйымдармен бірлесе жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ-мен бірге арнайы профилактикалық іс-шаралар өткізілуде. «Жастарды құқықтық тәрбиелеу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның негізі» жобасы аясында білім беру мекемелерінде дәрістер ұйымдастырылып, жас буынға заңға құрмет пен адалдық құндылықтары түсіндіріліп келеді.
Алдын алу шаралары мемлекеттік қызметшілер арасында да тұрақты түрде жүргізіледі. Аппарат қызметкерлеріне арнап этика жөніндегі уәкілдің қатысуымен тоқсан сайын семинарлар өткізіліп, қызметтік әдебі, заң талаптары және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту жолдары талқыланады. Мұндай түсіндіру жұмыстары мемлекеттік қызметтің ашық әрі жауапты болуына ықпал етеді.
Біздің басты мақсатымыз – сыбайлас жемқорлыққа төзімсіз орта қалыптастыру. Бұл – тек мемлекеттік органдар үшін емес, әрбір азамат үшін маңызды міндет. Ашықтықты сақтау, қоғаммен бірлесе шешім қабылдау және адалдық қағидаттарын ұстану арқылы ғана әділ әрі сенімді қоғам құруға болады.
Астана қаласы «Нұра» ауданы әкімі
Ришат ТҰРДЫБЕКОВ