Жарнама түсіру үшін жолды жапқан дәмхана қызметкерлері жазаланды

|
Жарнама түсіру үшін жолды жапқан дәмхана қызметкерлері жазаланды
Фото: freepik.com

Алматыдағы бір кафенің үш қызметкері мекеме үшін жарнамалық бейнеролик түсіру мақсатында мегаполистің қарбалас даңғылындағы жаяу жүргіншілер өткелі үстіне үстел қойып, бөгеп тастаған. Бұл туралы ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Олардың әрекеті көлік пен жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтіріп, ұсақ бұзақылық ретінде сараланды – қоршағандарға құрметсіздік таныту және қоғамдық тәртіпті бұзу (ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі).

«Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған іс бойынша үш құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындады.

ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алуды көздейді.

Сот әкімшілік жаза түрі мен мөлшерін анықтағанда, құқық бұзушылардың ауырлататын мән-жайларының жоқтығын, жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәсін мойындауы мен жасаған ісіне өкініш білдіруін, сонымен қатар қоғамдық мінез-құлық нормаларын елемегенін көрсететін құқық бұзушылықтың нақты мән-жайларын ескерді», - делінген хабарламада.

Соттың қаулысымен түсірілімге қатысушылар ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып оларға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде – әрқайсына 78 мың теңгеден астам айыппұл салынды.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Ұқсас жаңалықтар

Барлығы ↗