Әкімдердің өкілеттігімен қатар жауапкершілігі де күшеюі керек – Президент
Бұл туралы Президент ауыл әкімдерінің диалог-платформасында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңда әкімнің сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін нақтылайтын норма жоқ. Бұл – дұрыс емес. Әкімдер тұрғындарға сайлау алдындағы бағдарламасының орындалуы туралы жиі есеп беріп тұруға тиіс. Мұны заңмен бекіту керек. Уәдесін орындамайтын, міндетін дұрыс атқармайтын ауыл басшысын қызметінен босату тетіктері қарастырылуы қажет. Ондай әкімдер халықтың талабымен немесе саяси партиялардың ұсынысымен жұмыстан шығарылуға тиіс. Сонда әкім болуға үміткерлер де елге экономикалық негізі жоқ құрғақ уәде бере алмайды. Мұндай жалаң сөздер, яғни популистік әрекеттер халықтың ауыл әкімдеріне, тіпті тұтас сайлау институтына деген сенімін азайтуы мүмкін», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет әкімдердің сайлау алдындағы бағдарламасының экономикалық бөлігіне қойылатын талаптарды айқындауы керектігін айтты.
«Сапалы дайындалған бағдарламаны аймақтың даму жоспарымен үйлестіруге болады. Жалпы, осындай шаралар әкімдердің есептілігін күшейтеді. Сондай-ақ өз үміткерлерін ұсынған партиялардың жауапкершілігін арттырады», - деді Мемлекет басшысы.
