ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті мұғалімнің мектепке жұмысқа орналасуда құқығы шектелгенін анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Білім беру саласы – кәсіби біліктілік пен әділеттілікті талап ететін маңызды сала. Алайда, кей кездері тіпті тәжірибелі мұғалімдердің еңбек құқығы бұзылып, заң талаптары ескерусіз қалып жатады. Осындай жағдай жуырда Астана қаласындағы мектептердің бірінде орын алды.
Осылайша, осы жылдың қыркүйегінде қала тұрғыны мектептің бос лауазымға орналасуға конкурсқа қатысу үшін құжаттарын қабылдаудан негізсіз бас тартқаны бойынша Департаментке шағымданды.
Өз кезегінде, «Мемлекеттік білім беру ұйымдарындағы бос немесе уақытша бос лауазымға орналасуға конкурсқа қатысу үшін педагогтaрдың құжаттарын қабылдау» мемлекеттік көрсетілетін қызмет болып табылады және оның көрсету тәртібі мен мерзімі тиісті қағидалармен айқындалған.
Департамент тексеру жүргізу барысында 10 жылдық еңбек өтілі бар қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің мектепте жарияланған бос жұмыс орнына конкурс арқылы қатысу үшін барлық құжаттарды тапсырғанымен, мектеп әкімшілігі мұғалімнің тиісті санаты жоқтығын алға тартып қабылдаудан негізсіз бас тартқаны, тиісінше конкурсқа қатысуға шеттетілгені анықталды.
Нәтижесінде, мектеп әкімшілігінің тарапынан мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнама талаптарының сақталмағаны, яғни негізсіз бас тартқаны анықталып, бұл іске жауапты болған мектеп қызметкері өзінің функционалдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ алдағы уақытта азаматтардың құқықтарының бұзылуына алып келуі мүмкін ықтималдылықтардың орын алуы мүмкін фактілерді болдырмау мақсатында мектеп әкімшілігіне заңнама талаптарын қатаң сақтау жөнінде ұсыныстар берілді.
«Егер мемлекеттік қызмет көрсету кезінде құқықтарыңыз бұзылған жағдайда Департаментке Сарыарқа даңғылы, 13, мекенжайы бойынша жазбаша, не электрондық түрде «электрондық үкімет» порталы немесе Е-Otinish азаматтардың барлық өтініштерін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай платформасы және EgovKzBot2.0 Telegram бот-платформасы арқылы жүгіне аласыздар», - делінген хабарламада.