Қазақстан спортшысы Бейбарыс Қаблан Кенияда өтіп жатқан таеквондодан (WT) 21 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионы атанды, деп хабарлады Elordainfo.kz Қазақстандық таеквондо (WT) федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Финалда ол Оңтүстік Корея спортшысы Ян Чжунённен басым түсті. Бұл – Бейбарыс Қабланның спорт мәнсабындағы ең үлкен жеңісі, сонымен қатар Қазақстан таеквондо тарихында 21 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы алғашқы алтын.
Қазақстандық спортшы 87 келіден жоғары салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмеді. Әлем чемпионаты аясында Бейбарыс финалға дейін төрт кездесу өткізді. Іріктеу кезеңдерінде Үндістан, Түркия елінің спортшыларын, жартыай финалда Иран өкілі Ашрафи Амирмохаммадтан 2:1 есебімен жеңді.
Айта кетейік, таеквондодан 21 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионаты 6 желтоқсанға дейін жалғасады. Әлем біріншілігіне барлығы 75 елден 500-ге жуық спортшы қатысып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев таеквондодан әлем чемпионы атанған Бейбарыс Қабыланды бұл жеңісімен құттықтады.