Бірге тұратын адамның ұйықтауын күткен: Астанада көршісінің ақшасын ұрлаған күдікті қолға түсті

5 қараша, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
views13
Бірге тұратын адамның ұйықтауын күткен: Астанада көршісінің ақшасын ұрлаған күдікті қолға түсті
freepik.com

Астана қаласында полицейлер бір пәтерде тұрған адамның ақшасын ұрлады деген күдікпен 21 жастағы жігітті ұстады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Анықталғандай, ер адамдар бұрын бірге жұмыс істеп, бір пәтерді жалдап тұрған. Оқиға болған күні күдікті бірге тұратын адамның ұйықтауын күтіп, оның күртешесінің қалтасындағы әмиянын жасырын алып, ішіндегі ақшаны иемденіп кеткен. Кейін пәтерден кетіп, ұрланған қаржыны жеке қажетіне жұмсаған.

«Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, ол тұрғылықты жері бойынша ұсталды», - делінген хабарламада. 

Полиция азаматтарға жалдамалы тұрғын үйде бірге тұратын адамдарды таңдауда мұқият болуға және ақша мен құнды заттарды қолжетімді жерлерде сақтамауға кеңес береді.