Жас вокалистер Беларусьтегі халықаралық байқауда жүлделі орындар иеленді

17 қараша, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
views95
Жас вокалистер Беларусьтегі халықаралық байқауда жүлделі орындар иеленді
Мәдениет және ақпарат министрлігі

Беларусь Республикасының Новополоцк қаласында эстрадалық ән орындаушыларының XXI халықаралық «Халі-Хало» жасөспірімдер байқауы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Іс-шараға Қазақстан, Беларусь және Ресейдің дарынды жастары қатысты.

Қазақстанның атынан өнер көрсеткен қатысушылар кәсіби шеберлігімен ерекшеленіп, жүлделі орындарға ие болды. Атап айтсақ, орта жас санаты бойынша Астана қаласының жас вокалисі Дәмелі Біржанова «Мұны неге білмейсің?» атты композициясын орындап, I орын иеленді. Жоғары жас санаты бойынша Қазақстанды Әмина Жанат таныстырды. Ол «Қазағым-ай» және ағылшын тіліндегі «Mamma Knows Best» әндерін орындап, II орынға ие болды.

Байқау қатысушыларының өнерін Қазақстан, Беларусь, Армения және Грузияның еңбек сіңірген өнер қайраткерлері, сондай-ақ жетекші педагогтар, әртістер мен продюсерлер бағалады.

Қазақстан атынан қазылар алқасының құрамында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының солисі, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Вокалдық өнер» кафедрасының оқытушысы Ибраһим Әмин болды.